Елбасы Медалі

                        

        

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы «24» сәуірдегі
№ 249 қаулысымен
бекітілген

Он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Осы Он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы
4-бабының 5-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін «Елбасы медалі» ерекшелік белгісімен наградтау тәртібін айқындайды.


2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) «Елбасы медалі» – осы Қағидаларда көзделген талаптарды табысты орындағаны үшін жеңімпаздарға патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін берілетін ерекшелік белгісі;
2) әкімші – он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған ұйым;
3) бағдарлама – он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін іріктеу және ерекшелік белгісімен наградтау жөніндегі іс-шаралар;
4) орталықтар – білім беру ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер және әкімші осы Қағидаларда көзделген міндеттерді іске асыру үшін айқындаған өзге де заңды тұлғалар;
5) тәлімгерлер – қатысушыларға әдістемелік қолдау көрсететін орталықтың қызметкерлері.
3. «Елбасы медалі» ерекшелік белгісінің құрылтайшысы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры болып табылады.
4. Бағдарламаны қаржыландыру республикалық, жергілікті бюджеттердің қаражатынан және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады.

2-тарау. Қатысушыларды наградтау тәртібі

5. «Елбасы медалі» ерекшелік белгісімен наградтауға осы Қағидалардың 9, 10 және 11-тармақтарында көрсетілген деңгейлердің бірінің талаптарын табысты орындаған он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастар ұсынылады.
6. Әкімші «Елбасы медалі» ерекшелік белгісімен наградтау үшін он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастардың қызметін ұйымдастыру және іріктеу тәртібін, бағдарламаның деңгейлері мен қатысушыларға қойылатын талаптарды, бағдарламаның ұйымдық құрылымын, бағдарламаның кадрлық құрамын және оның міндеттерін айқындайтын бағдарлама туралы ережені бекітеді.
7. Бағдарламаға қатысу қызметтің мынадай бағыттарын қамтиды:
1) «Спорт және физикалық даму» – әртүрлі спорт түрлерімен секцияларда және/немесе білім беру ұйымдарында, сондай-ақ өз бетінше шұғылдану;
2) «Таланттар мен дағдылар» – әлеуметтік және практикалық дағдыларды дамытуға, үйірмелерге, курстарға, тренингтерге, практикумдарға бару арқылы таланттарды ашуға, зияткерлік, шығармашылық, ғылыми-техникалық конкурстарға, олимпиадаларға, көрмелерге, жарыстарға қатысуға және өз бетінше оқуға бағытталған сабақтар;
3) «Кітап оқу» – ұсынылған әдебиеттер тізбесінен «Қазақ әдебиетінің алтын қоры», «Әлемдік әдебиеттің алтын қоры», «Тұлғалық өсу мен өзін-өзі дамытуға арналған кітаптар, ғылыми-көпшілік әдебиеттер» атты үш бөлім бойынша кітап оқу;
4) «Ұлттық мұра» – ұлттық спорт түрлерімен айналысу, ұлттық мәдениеттегі, ас әзірлеудегі, сәндік-қолданбалы өнердегі таланттар мен дағдыларды дамыту не «Қазақ әдебиетінің алтын қоры» бөлімінен бір кітапты қосымша оқу. Қатысушы осы бағытты алғашқы үш бағыттың бірімен үйлестіре алады;
5) «Волонтерлік» – мұқтаж адамдарға, қоршаған ортаға және жануарларға тегін қызмет көрсету және азаматтық қатысудың басқа да нысандары арқылы көмек көрсетуге бағытталған қызмет;
6) «Туристік жорықтар» – туған өлкені зерттеуге және патриотизмді дамытуға бағытталған экскурсиялар;
7) «Еңбек практикасы» – нақты өндіріс жағдайында әртүрлі кәсіпорындарда және кез келген салада жұмыс істеу.
8. Жеңімпаздар «Елбасы медалі» ерекшелік белгілерінің үш түрімен наградталады: қола, күміс және алтын.
9. «Елбасы медалі» қола ерекшелік белгісімен алты ай ішінде мынадай талаптарды орындаған 14 (он төрт) жастан асқан қатысушылар наградталады:
1) «Спорт және физикалық даму», «Таланттар мен дағдылар» және «Волонтерлік» бағыттар бойынша – үш ай бойы аптасына кемінде бір сағат айналысу;
2) «Кітап оқу» бағыты бойынша – барлық үш бөлімнен кемінде үш кітап, оның ішінде «Қазақ әдебиетінің алтын қоры» бөлімінен бір кітап оқу;
3) «Ұлттық мұра» бағыты бойынша – үш ай бойы аптасына кемінде бір сағат оқу не «Қазақ әдебиетінің алтын қоры» бөлімінен қосымша бір кітап оқу;
4) «Туристік жорықтар» бағыты бойынша – екі күндік экскурсиялар.
10. «Елбасы медалі» күміс ерекшелік белгісімен он екі ай ішінде мынадай талаптарды орындаған 15 (он бес) жастан асқан қатысушылар наградталады:
1) «Спорт және физикалық даму» және «Таланттар мен дағдылар» бағыттары бойынша – бір бағыт бойынша үш ай және басқа бағыт бойынша алты ай (таңдауы бойынша) ішінде аптасына кемінде бір сағат;
2) «Волонтерлік» бағыты бойынша – алты ай бойы аптасына кемінде бір сағат;
3) «Кітап оқу» бағыты бойынша – барлық үш бөлімнен кемінде алты кітап, оның ішінде «Қазақ әдебиетінің алтын қоры» бөлімінен екі кітап оқу;
4) «Ұлттық мұра» бағыты бойынша – үш немесе алты ай бойы аптасына кемінде бір сағат не «Қазақ әдебиетінің алтын қоры» бөлімінен қосымша бір кітап оқу;
5) «Туристік жорықтар» бағыты бойынша – үш күндік экскурсиялар.
11. «Елбасы медалі» алтын ерекшелік белгісімен он сегіз ай ішінде мынадай талаптарды орындаған 16 (он алты) жастан асқан қатысушылар наградталады:
1) «Спорт және физикалық даму» және «Таланттар мен дағдылар» бағыттары бойынша – бір бағыт бойынша алты ай және қатысушының таңдауы бойынша басқа бағыт бойынша тоғыз ай бойы аптасына кемінде бір сағат айналысу;
2) «Волонтерлік» бағыты бойынша – бір жыл бойы аптасына кемінде бір сағат;
3) «Кітап оқу» бағыты бойынша – барлық үш бөлімнен кемінде тоғыз кітап, оның ішінде «Қазақ әдебиетінің алтын қоры» бөлімінен үш кітап оқу;
4) «Ұлттық мұра» бағыты бойынша – алты немесе тоғыз ай бойы аптасына кемінде бір сағат не «Қазақ әдебиетінің алтын қоры» бөлімінен қосымша бір кітап оқу;
5) «Туристік жорықтар» бағыты бойынша – төрт күндік экскурсиялар;
6) «Еңбек практикасы» бағыты бойынша – кемінде бес күн.
12. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілер әкімші айқындаған
интернет-ресурста тіркеледі және өз қалауы бойынша тиісті деңгейде қатысуға өтінімді орналастырады. Өтінім осы Қағидалардың 9, 10 және
11-тармақтарында көрсетілген жасы бойынша талапқа сәйкес келмеген жағдайда қабылданбайды.
13. Өтінімді тіркегеннен кейін қатысушыға тұратын өңіріне не оқу орнына сәйкес орталық пен тәлімгер, сондай-ақ таңдалған деңгейге сәйкес нормативтер мен қатысудың жеке графигі ұсынылады.
14. Жеке графикке сәйкес тәлімгер қатысушыға талаптарды орындау бойынша нұсқау береді, сондай-ақ консультативтік және әдістемелік қолдау көрсетеді.
15. Талаптарды орындау нәтижелері бойынша қатысушы журналға (күнделікке) мынадай ақпарат енгізеді:
1) спорттық, шығармашылық қызмет, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерімен айналысу, ұлттық мәдениеттегі, ас әзірлеудегі, сәндік – қолданбалы өнердегі таланттар мен дағдыларды дамыту туралы – тәлімгер растаған тұрақты жеке есептер және жеке графикке сәйкес прогресс туралы белгілер;
2) кітап оқу туралы – жеке графикке сәйкес белгілі бір кезеңде оқылған мазмұнға өзінің көзқарасын баяндай отырып, тәлімгер растаған қысқаша эссе не бейнеролик;
3) волонтерлік қызмет және экскурсияларға қатысу туралы – тәлімгер растаған күн сайынғы қысқаша есеп, оның ішінде акцияның атауы мен нәтижелері, фото не бейнеоролигі бар қосымшалар;
4) еңбек практикасы туралы – еңбек практикасын өткен жерден қысқаша есеп және растау.
16. Спорттық қызмет бойынша талаптар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерінің нормативтерін тапсыру кезінде орындалған болып есептеледі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерінің нормативтерін бағдарлама деңгейлері бойынша бөлуді әкімші жүргізеді. Мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін әкімші бөлек талаптарды көздейді.
Қатысушының таңдалған деңгейден өтуі журналды (күнделікті) жеке графикке сәйкес толтыру және тәлімгердің барлық бағыттар бойынша растауы кезінде аяқталған болып саналады.
Тәлімгердің «Спорт және физикалық даму», «Таланттар мен дағдылар», «Ұлттық мұра» бағыттары бойынша бағалауына қатысушының қол жеткізген нәтижесі көрсетіліп, қысқаша бейнеролиік қоса беріледі.
17. Бағдарламаның қорытындыларын шығару үшін әкімші кемінде
7 адамнан тұратын наградтау жөніндегі комиссия құрады. Наградтау жөніндегі комиссияның құрамына білім беру саласындағы уәкілетті органның, мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті органның, әкімшінің өкілдері, сондай-ақ жұртшылық өкілдері кіреді.
18. Наградтау жөніндегі комиссияның функциялары:
1) наградтауға үміткерлердің құжаттарын қарау;
2) наградтауға үміткерлердің нәтижелерін бағалау;
3) үміткерлерді «Елбасы медалі» ерекшелік белгісімен наградтау туралы шешім қабылдау.
19. Наградтау жөніндегі комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер отырысқа оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп саналады.
Кандидатқа қатысушылардың көпшілігі дауыс берген жағдайда ол оң қорытынды алады. Дауыстар тең болған жағдайда наградтау жөніндегі комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Наградтау жөніндегі комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.
20. Наградтау жөніндегі комиссияның шешімі және «Елбасы медалі» ерекшелік белгісімен наградтауға ұсынылғандардың тізімдері әкімшінің және білім беру саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады.
21. «Елбасы медалі» ерекшелік белгісімен наградтау рәсімін әкімші жыл сайын желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында білім беру саласындағы уәкілетті органмен, облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда – жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізеді.
22. Бірдей дәрежелі «Елбасы медалі» ерекшелік белгісімен қайталап наградтауға жол берілмейді.
23. Балдары тең болған жағдайда «Елбасы медалі» ерекшелік белгісінің иегерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың құрамына қабылдануға басым құқыққа ие болады.
Әкімші өз шешімімен «Елбасы медалі» ерекшелік белгісінің иегерлерін көтермелеудің қосымша шараларын белгілейді.

___________________________

 

Bala Qorgau