Махмет Қайырбаев
Махмет Қайырбаев
Ұлы Жеңіс үшін күрескен қазақтың қайсар ұлдарының бірі – Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаев. Соған орай 9 сынып аралығында «Ерлігімен еленген» атты пресс – конференция өтті. Онда кешегі естен кетпес отты жылдар, 2-Дүниежүзілік соғыста жаңқиярлықпен күрескен қатысушы, аға лейтенант, батарея командирі, Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа үлгі болар ерліктері туралы әңгімеленді.
Ұрыс даласында Махмет Қайырбаев жеке өжеттігін ғана көрсеткен жоқ, ол сондай-ақ, қоластындағы азаматтарды басқара білді. Жағдайды дұрыс бағалап, дер кезінде шұғыл қадам жасай алуы ұрыстарды жеңіспен аяқтауға жетеледі. Енді мына бір дерекке қараңыз. 712-ші полкінен Кеңес Одағы батыры атанған 6 адамның бесеуі дәл осы Қайырбаев батареясынан шыққан. Қантөгіс шайқастарда Махмет аға 3 мәрте жараланыпты. Ерлігі мен өжеттігі үшін Ленин, Александр Невский, Отан соғысының 1-ші және 2-ші дәрежелі ордендерімен марапатталды. «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарын кеудесіне тақты. Полк Курлянд тобы құрамында Кенигсбергті жаудан азат еткеннен кейін соғысты Шығыс Пруссияда аяқтады. Сұм соғыс аяқталысымен майдан басшылығы Қайырбаевты болашағы зор офицер ретінде Академияға оқуға жолдады.
Қазақ КСР Жоғары кеңесінің депутаты ретінде Махмет Қайырбаев қоғамдық құрметке ие болған. Ұлы Жеңіс үшін берілген медальдарына төрт бірдей Еңбек, Қызыл Ту ордені, Қазақ революциясы ордені қосылды. Облыста халық шаруашылығында қол жеткізген нәтижелері үшін КСРО-ның «Алтын медалімен» марапатталды.