Мектеп Туралы
1992 жылы 18 тамызда Көктөбе ауылында «Бәрі де мектептен басталады» деп , еліміздің көк байрағын жоғары көтеріп, Айтенова Айман Әлібайқызы бос тұрған «Қарлығаш» бала-бақшасының ғимаратын 12 күннің ішінде дайындап Көктөбе орталау мектебі алғашқы шәкірттеріне есігін айқара ашты.
Мектептің алғаш табалдырығын 102 бүлдіршін аттады. Ана тілін, ұлтымның тарихын, әдебиетін, әдет-ғұрпын терең меңгерсін деген ата-аналар орыс мектебінің 6-шы сыныбында оқып жүрген балаларын жетектеп алып келіп, барлығы мектепке 250 бала қабылданды.Мектеп екі балабақшамен орысша оқитын мектептің жоғарғы қабатында, үш жерде орналасқан болатын.Ол кезде дене тәрбиесі залы болмағандықтан балалар орталықтағы спорт кешеніне баратын. Ұрпақ тәрбиесі, ел болашағы ұстаздар қауымында екенін ескере отырып Айман Әлібайқызы мектепте педагог мамандығы бойынша жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірген қабілеті жоғары , білікті жас мамандарға үлкен жауапкершілік жүктеді. Мектептің ашылуынан бастап, әдістемелік, педагогикалық, кәсіптік тәжірибе жинақтауға Жамбыл облысында өткен халықаралық педагогикалық семинарында , Ақсу қаласының Қызылжар және Қанаш Камзин мектептерімен тәжірибе алмасып, шығармашылық потенциалда жұмыс істейтін жаңашыл ұжым құрды.
«Ұстаз» деген атаққа ие болу үшін жалықпай, талмай, өмір деген өрмен бірге өрлеп, еңбек жолын бірге бастаған Балжанова Айман Қайырденқызы, Баймұратова Шолпан Баймұратқызы, сынды орынбасарлары талап қоя білумен қатар, оқу ісін тиянақты орындау жолында білікті мамандар екендігін көрсетті.
Айман Әлібайқызы құрған ұжым санаулы уақытта жас ұрпаққа білім беруде біршама жетістіктерге жетіп , ерең еңбектері мақтанышпен жұрт аузында аталып жүрді. Е.Мұқашев атындағы мектептен келген 6- сынып оқушылары жылдан-жылға шыңдалып, білім шыңына бет бұрып, 1999 жылы алғашқы түлектері мектеп қабырғасынан шықты. Олар Астана , Алматы, Семей, Қарағанды, Атырау, Павлодар, Ақсу қалаларында оқып, үлкен өмірге қадам басты. Білімді де саналы , Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды, парасатты азаматтарымыз Еліміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, ұстаздары мен ата-аналарының құрметіне бөленіп жүр.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жолдауында аталған «100 мектеп 100 аурухана» салу жөніндегі тапсырмасының алғашқы қарлығашы болып ауданымызда 350 орындық қазақ мектебі бой көтерді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 2008 жылы 13 желтоқсан күні Көктөбе жалппы орта білім беретін мектебі балалар игілігіне тапсырылды.
Бүгінгі күні мектепте 397 оқушы білім алып, оларға 54 мұғалім білім беруде, оның ішінде жоғары білімді 47, арнаулы орта білімді – 4, жоғары санатты – 7, бірінші санатты – 18, екінші санатты 23 мұғалім бар.
24 оқу кабинеті, оның 6-ы интербелсенді тақтамен жабдықталған. Екі Мультимедиа-лингофонды кабинет, екі компьютер кабинеттері, бір мәжіліс залы, екі медициналық кабинет, үш оқу шеберханалары, кітапхана, 130 орынды асхана орналасқан.
Мектеп оқушылары, ұстаздары көптеген республикалық, облыстық, аудандық жарыс –додаларында, марафондарда, олимпиадаларда алға шығып, жүлделі орындарға қол жеткізді.